Ұлы жұт туралы 10 дерек

90 жыл бұрын Қазақстанда Ашаршылық басталған еді


15/01/2021
11:55 20361 0

1931–1933 жылдары Қазақстан жерін жаппай аштық жайлады. Салдарынан 1–3 миллиондай азамат қырылған трагедия халық есінде Ұлы жұт деген атпен қалды. 

 

Сол трагедия басталғанына 90 жыл толуына орай masa.media назарыңызға Ашаршылық туралы он дерек ұсынады. 

 

ҰЛЫ ЖҰТҚА НЕ СЕБЕП БОЛДЫ? 

 

  • 1920-жылдардың аяғында КСРО үкіметі бүкіл ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыра бастады: кішкентай қожалықтарды біріктіріп, ауыл шаруашылығын мемлекетке толық бағындырғысы келді. Халық мұндайға дайын емес еді. 
  • Билік «әлеуметтегі теңсіздікті жою үшін» байлардың мал-мүлкін тәркіледі. Көшпелі халықты отырықшы елге айналдырғысы келді. 
  • Ауыл шаруашылығы өнімдерін (ет, астық) тез арада дайындап, Ресейге жіберу қажет болды.
  • Салық саны мен мөлшері көбейді. 
  • Елдің кей аймағын құрғақшылық жайлады. 

 

ҚАНША АДАМ КӨЗ ЖҰМДЫ? 

 

Сол жылдары аштан қанша адам көз жұмғаны туралы ресми дерек жоқ. Зерттеушілер әртүрлі дерек айтады. Орта есеппен алғанда көрсеткіш 1,5 миллионнан үш миллионға дейін жетеді. 

 

Бірақ Қазақстан тарихшысы Ханкелді Әбжанов кемінде үш миллион қазақ қырылды дейді. 

 

ҚАНША АДАМ БОСЫП КЕТТІ?

 

Ұлы жұт жылдары Қазақстаннан 1–2 миллион адам көрші елдерге босып кеткен. Олар көбіне Қытай, Түркия, Ауғанстан, Иранға қоныс аударған. 

 

 

 

ҚАНША МАЛ ҚЫРЫЛДЫ? 

 

1933 жылдың басында бұрын болған 40,5 миллион бас малдың 4,5 миллионы қалғаны анықталды.  

 

ЖҰТ БАСҚА ҚАЙ ЕЛДЕ БОЛДЫ?

 

Бұл ашаршылық Қазақстаннан басқа Украина, Ресей, Беларусь елдерінде болды. Орташа есеппен алғанда сол кездері КСРО-да аштан сегіз миллиондай халық көз жұмған. 

 

ГЕНОЦИД

 

Қазір саясаттанушылар мен ғалымдар Қазақстан билігінен Ашаршылықты геноцид деп тануын, аштан өлген адамдардың ортақ базасын жасауды талап етіп жүр. 

 

Олар «Ашаршылық — қолдан жасалған трагедия, КСРО үкіметінің оны жою мүмкіндігі болды, бірақ ештеңе істемеді» деген пікірде. 

 

2016 жылы Украина парламенті елдегі 30-жылдардағы ашаршылықты геноцид деп таныды. Сонымен бірге онда ашаршылық құрбандарын тіркейтін онлайн-платформа бар. 

 

КАННИБАЛИЗМ 

 

Қазақстанда адамдар аш болғаны соншы — елді каннибализм (адам етін жеу) жайлаған. Мысалы, америкалық тарихшы Сара Кэмерон «Аштық жайлаған дала» кітабында былай деген:

 

«Шу ауданында ашыққандарды тамақтандыратын жерде Дәнежан деген шенеунік бір босқынның өліп бара жатқан адамның қарнын жарып жіберіп, бауырын суырып алып, оны екінші адамға бергенін және де ол адамның бауырды шикідей жеп қойғанын есіне алады» 

 

«Аштықтан аман қалған тағы бір куәгер Ғалым Ахметов бірде адам етін қайнатып жатқан адамдарға жолығып қалғанын еске алады». 

 

 

СУРРОГАТ ТАМАҚ ЖЕЙ БАСТАДЫ 

 

«Аштық жайлаған дала»:

 

«Адамдар тірі қалу үшін суррогат (жасанды) тағамдар жей бастаған. Олар кеміргіштер мен жабайы шөптер жеген. Ал балалар өздері жатып жүрген төсек-орынның жүнін отқа қақтап, ал былғары біткенді суға салып, жібітіп жеген». 

 

ХАЛЫҚ НАРАЗЫЛЫҒЫ

 

1929–1931 жылдары елде 300-ден астам шаруалар көтерілісі болды. Наразылыққа 80 мыңдай адам қатысқан, олардың 5 551-і сотталып, 883-і атылған. 

 

ҰЛЫ ЖҰТТАН ДА БАСҚА АШАРШЫЛЫҚ БОЛДЫ 

 

Ұлы жұт — Қазақстан тарихындағы жалғыз ашаршылық емес. 1919–1922 жылдары да елде жұт болып, 1–2 миллион халық аштан қырылды. 

 

Себеп: Азамат соғысы, соның салдарынан заңсыздық пен тонау көбейді, мал қырыла бастады, індет жайлап, құрғақшылық болды.  

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова, фото: theopenasia.net

Поделиться

Нет комментариев.

15/01/2021 11:55
20361 0

Уведомление